понедельник, 26 ноября 2007 г.

Ресейде 1 миллионнан астам қазақ бар
бірақ жоғары қызметте отырғаны кемде-кем
Бүгінде Қазақстан Парламентінде Ассамблея атынан сайланған 9 ұлт өкілі депутат орынтағына жетіп отыр. Өкініштісі сол, Ресейдің Орынбор өңірінде қазақтар көпшілік болса да, кадрлық саясатта ұлттық алалаушылық бар көрінеді. Тіпті, «Қазақстанмен шекаралас аймақтардың әкімшілік жүйесінде, кеденде – орыстар ғана болсын» дегендей жабық ұстаным да бар сияқты. Мәскеу қазақтарының өкілі, «Батеко» АҚ-ның бақылау кеңесінің төрағасы Құспан БАТЕСОВ мұның астарын төмендегі әңгімеде түсіндіреді.
– Білесіз бе, Ресейде «жасырын ұлтшылдық» деген түсінік бар. Біз таяуда ғана жаңа ауданның ашылу салтанатында болғанбыз. Онда мен Кеңес одағында өткен 72 жыл ішінде туған жерім Соль-Илецк (Тұз-Төбе) ауданында бірде бір қазақтың колхоз не совхоз басқарып көрмегенін ашық айттым. Қазақтар қашанда екінші кезектегі адамдар болып келді. Ал қазір заман ағымымен капитализм келсе де, біздің арамыздан басшылыққа тартылған ешкім жоқ.
Орынбор – қазақтың жері. Аймақтық және облыстық деңгейдегі басшылар мұны біледі. Петербордың мемлекеттік мұрағатында Әбілқайыр ханмен орыс ханшайымының арасында болған келісім сақталған. Онда: «Әбілқайыр хан екі бекіністі Орынбор мен Ор жерлерінде салуға рұқсат береді» – делінген. Яғни, онда жер беру туралы сөз жоқ, тек қана бекініс салу мәселесі айтылған. Бірақ бұл туралы ештеңе айтпайды. Өкінішке қарай, 1926 жылы Сталиннің кесірінен Қазақстан шекарасындағы бірқатар жерлер тағы да орысқа өтіп кетті. Сталин картаның үстінен қарындашпен сызып, шекараны бөле салды. Бұл туралы Ресейдің басшылығы өте жақсы біледі. Бұл тұста осынау жерлердің қазақ жері екенін көрсеткісі келмеген соң, қазақтарды лауазымды қызметтерге қоймайды.
– Орынбордың тарихы Әбілқайыр хан, Махамбет, Құрманғазыдан емес, қайдағы бір белгісіз орыстың бай көпестерінен басталғандай бұрмаланып жатқан сияқты...
– Бұл рас. Осыдан біраз уақыт бұрын бізге Дариға Назарбаева мен Батыс Қазақстан облыстарының әкімі келген еді. Сонда сіз айтқан мұражайда губернатормен кездесу өтті. Кездесуден кейін мен губернаторға барып: «Мұнда Орынбор губернаторларының суреттері тұр. Ал Әбілқайыр ханның суреті жоқ. Егер де Әбілқайыр болмағанда, сіздің губернаторларыңыз да болмас еді. Орынбор – Әбілқайыр ханның жері еді» – дедім. Губернатор шошып кетті де, ғылыми кеңес құрып, бұл мәселені шешуге уәде берді. Бірақ қазірше түк те істелмеді. Қазақтар саны бойынша Орынборда екінші орында тұр. Бірақ бізде қазақтың нақты саны да бұрмаланады. Ресми деректер қазақтарды 160 мыңға таяу десе, бейресми деректер қазақтар санының 200 мыңнан асқанын көрсетеді. Оның үстіне бізді диаспора деп атайды. Ал кездесулерде мен ылғи: «Қазақтар мұнда диаспора емес. Біз басқа жерден келген жоқпыз, өз жерімізде тұрып жатқан ұлтпыз» – деймін. Бұл – біздің тарихи жеріміз. Әлі күнге дейін ресейлік тарихшылар мен тіл мамандары «Оренбург» сөзінің шыққан төркінін анықтап, түсіндіре алмай келеді, ал қазақтар Орынбордың түп мағынасын жақсы біледі.
– Орынборда бір де бір қазақ мектебі жоқ екен. Ал, қазақ мектептеріне деген сұраныс жоғары көрінеді...
– Өкінішке қарай, ол рас. Есесіне еврей мектебі, татар мектебі, башқұрт мектебі, тіпті екі бірдей неміс мектебіне дейін бар. Менің білуімше, бұл жөнінде бастама көтерген азаматтар қазақ мектебін салу үшін жер сұрап жүр. Бірақ оларды қолдап жатқан ешкім жоқ.
– Орынбордағы қазақтардың әл-ауқаты, жағдайы қалай? Діни немесе ұлттық тұрғыдан қоқан-лоққы көріп жүргендер бар ма?
– Діни тұрғыдан айтсақ, жасырын түрде жүріп жатқан қарсылық шаралары бар. Мәселен, менің туған ауылым Соль-Илецкте (бұрынғы қазақша атауы – Тұзтөбе) мешітіміз қоқыс лақтыратын жерде тұр. Бір айта кетерлігі, біздің ауылда орыстар Қазақстанға әлі табан тіремеген тұста негізін қалап үлгерген көне үш мешітіміз бар. Өзгелерін қиратты, қиратпағанын қолдан жұлып алды. Посткеңестік заман тұсында мешіт салынып еді, ол қоқыс лақтыратын жерге айналып кете барды... Міне, дінімізге деген қарым-қатынас осындай.
Ал ұлттық тұрғыдан айтсақ, ашық қудалау жоқ, бірақ жасырын түрде жүріп жатқан «шайқас» бар. Олар белгілі бір механизмдер арқылы жүзеге асып жатады. Облысымызда 200 мыңнан астам қазақ тұрады, бірақ бір де бір қазақ облыс көлеміндегі басшылық қызметіне қол жеткізе алмай жүр. Кадр саясаты осындай. Кеңес Одағы құлаған тұста барлық мемлекеттер өз дербестігін алды. Менің естуімше, сол тұста кеден, шекара қызметкерлеріне қатысты жасырын бұйрықтардың берілгенін білем, оған сәйкес Орынбор облысының кеденіне қазақтар алынбауы тиіс-тін. Ұлттық негізде осындай алалаушылық болды. Мұны естіген қазақтар қатты ашуланып, тіпті Мәскеуге дейін хат жазды. Соңғы кездері ғана бұл қызметтерге қазақтарды алуға қатысты жеңілдіктердің төбесі көрініп жатыр.
– Қазақстан тарапынан Ресейде тұратын қазақтарға қандай көмек қажет?
– Мемлекет басшылығы Ресейдегі қазақтар ішінен бизнес элитаны қалыптастыруға қол ұшын созуы керек. Бүгінде Қазақстанда мұндай мүмкіндік бар. Ресейдің Астрахань (Қажытархан), Волгоград, тіпті, солтүстіктегі Архангельск облыстарында тұратын қазақ жігіттері мықты, білімді, болашағынан мол үміт күттіреді. Олардың бизнес идеяларын барынша қолдау қажет. Олар – Қазақстанның мұндағы тірегі. Олар кейін Қазақстанның Ресейдегі мүдделерін жүзеге асыруға қол ұшын созады. Біз Орынбор – қазақтың тарихи Отаны дейміз. Біз бұл жерден ешқайда кетпейміз. Біз – Ресейдің азаматтарымыз. Бірақ бұл жер – біздің жеріміз, біздің Отанымыз. Мұнда ата-бабаларымыздың басы жатыр. Ата-бабамыздың басы жатқан жерді қалайша қиып кетеміз?
– Орынборда қазақ ғұламаларына арналған ескерткіштер бар ма?
– Жоқ. Біз бұл мәселені бір емес, бірнеше рет көтердік. Орынборда, Орскде мәселені төтесінен қойдық. Орскде Әбілқайыр ханға жақсы ескерткіш қойғыза алмай келеміз. Билік өкілдері ескерткіш қойғызамыз деп уәде берумен ғана келеді. Ұлтшылдық мәселесін айтсақ, Орынбор – Қазақстанның алғашқы астанасы ғана емес, сондай-ақ Ресейдің Қазақстанмен арадағы ең ұзын шекараға ие аймағы. Мұнда қазақтар бизнеспен айналысқысы келсе, оларға ондай мүмкіндік бермейді. Бизнестің орнына ауылшаруашылығымен айналысуға мәжбүрлейді.
Қарашығанақтан қазақ газы Орынборға келгенде, қазақтан басқаның бәрі бұдан мол табыс табады. Осетиндер, еврейлерлер пайда көріп отырған бизнеске қазақтарды жолатпайды. Әрине, біз бұған қынжыламыз. Біз де бұл бизнеспен айналысқымыз келеді, біз де экономиканың стратегиялық салаларында қызмет еткіміз келеді. Өйткені дәл осы салалардан саясат басталады. Саясаттың экономиканың жалғасы екені ешкімге де жасырын емес. Бүгінде Ресейдің кейбір ауылдарында халықтың 100 пайызға дейін қазақтар тұрады. Өткен жылы мен Соль-Илецк ауданының Троицк ауылында болған едім, ондағы халықтың 99,9 пайызы қазақтар екен. Кедейшілік пен жұмыссыздық жайлаған ол елді... Бұл мәселені де әрқилы жиындарда көтеріп көрдім. Автобус жалдап, осы ауылдарға барып көрейік дедім. Біз өзімізше оларға ақша беріп, әрқилы көмек түрлерін ұсынамыз. Балаларға көмек береміз. Әрине, облыстық басшылардың қолдауымен жүргізіліп жатқан ұлттық бағдарламалар бар сияқты, бірақ олардың қалай жүзеге асып жатқаны – бөлек әңгіме.
– Сіздің айтқаныңызға қарағанда, Ресейде тұратын қазақтар өз жерлерінде қалғысы келетін сыңайлы. Мұның себебі неде?
– Мен нағыз қазақпын. Жастау кезімде Қазақстанға барғанмын, әрине ерекше тебірендім, жылап, мұңымды айтуға адам таппадым. Бірақ кейін сен Ресейде туылғаныңды, бәрібір де орыс мәдениетінен сусындағаныңды, сен бала-бақшадан бастап орысша сөйлей бастағаныңды, тіпті орысша түс көретініңді еріксіз еске түсіресің. Сондықтан бұл мәдениет те жанға жақын. Бұл дегеніңіз – сені орыс әйелі анаңдай тәрбиелейді де, бірақ сен кейін келе туған анаңның қазақ әйелі болғанын білесің. Сен өсірген анаңды да жақсы көресің, бірақ туған анаңды да қимайсың. Егер де күні ертең ресейліктердің басына күн туса, оны осы елде тұрып жатқан біз де қорғаймыз. Себебі бұл – біздің Отанымыз...

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА,
Алматы-Ақтөбе-Орынбор-Алматы

пятница, 23 ноября 2007 г.

Бұл менмін


Салем, қазақтар!

Бүгін мен алғаш рет өз блогымды аштым. Бауырластарым, қандастарым қалайсыңдар? Өзім туралы айтып кетсем, мен журналистпін. Меніңше, интернет жүйесінде қазақ тілінде блоггерлер көбейе берсе, біз тіліміздің де заман сарынынан қалмай, дамуына жол аша аламыз. Алла қаласа, қазақша іздеу сайттары, порталдар мен онлайн басылымдары көптеп шығады деп сенемін. Соған бірге қол жеткізейік!